Астана, 2023 жылдың наурыз айының 30 – 31 жұлдызында қазақ халқының ұлттық дәстүрін дәріптеу мақсатында Қазақ технология және бизнес университетімен бірлескен түрде Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен «Орта білім беруді дамыту жағдайындағы білім берудегі заманауи тенденциялар» атты Халықаралық конференция барысында қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.
Конференция қатысушылары: Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы», Республика, қала мектептерінің көркем еңбек пән мұғалімдері мен оқушылары, Қазақ технология және бизнес университеті оқытушылары мен студенттері.
Аталған шара көркем еңбек мұғалімдеріне және дизайн, жеңіл өнеркәсіп салаларына сабақ беретін жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына арналған, ең алғашқы ұйымдастырылып отырған Халықаралық конференцияның салтанатты түрде қызыл лентасы қиылып, дәстүрлі түрде ашылды. Іс – шараны ізгі тілекпен АҚ «Қазақ технология бизнес университеті» Президент – ректоры Байбеков С.Н, Астана қалалық «Әдістемелік орталығы» басшысы Дауешова С.М. ашты. Алыстан келген қонақтарда педогогика ғылымдарының докторы, профессор, ФГБОУ ВО «Халық шығармашылығы жоғары мектебі» (академия) ректор кеңесшісі Санкт-Петербург қаласынан келген Амиргазин К.Ж. және Қырғыз Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Дизайн академиясының академигі, Еуразия халықаралық университетінің «Коммуникациялар, медиа және дизайн» кафедрасының меңгерушісі Бектенова В.Э. өз лебіздерін жарыса айта түсті.
Көрмеге Республика, қала көлемінде қолөнершілер қазақы нақыштағы ою-өрнектен ойып жасалған көрпе көрпеше, қыздың жасаулары, тоқыма заттар мен қойдың жүнінен жасалған суреттер, сондай-ақ моншақтан тізілген кәдесыйлармен нан өнімдері қойылды.
Қол өнер шеберлерінің көрмесі барысында Үштік одақ аясында «Әжелердің ізімен» атты жүн сабау, жүн түту, ұршық иіру, бұйым тоқу сияқты ұрпаққа тәрбие беретіндей шебер сынып көрсетілді.
Сонымен қатар көркем қолөнер бағыты бойынша: «Қамшы өру және жасау», «Ұлттық ою-өрнек сыры», «Жұқа қаңылтырдан көркем бұйым жасау» «Түкті кілем тоқу», «Жүнмен 3Д панно жасау әдісі», «Құрақ құрау өнері», «Жүннен үлттық киім - камзол жасау», «Ұлттық киім түрлерін оңтайлы жолдармен модельдеу», «Гобелен техникасы арқылы тұрмысқа қажетті бұйымдар тоқу», «Көркем қыш құмыра», «Өрім өру», «Ұлттық нақышта белдік, әшекей бұйымдар жасау» тақырыбындағы керемет туындылар көрсетілді.
Бейнелеу бағыты бойынша: «Дымқыл техникада пейзаж салу», «Сурет өнеріндегі ұлттық мотивтер», «Рельеф (жан-жануарлар)», «Заманауи жаңа Fluid art (құймалы акрил) техникасымен жұмыс» мастер кластар ұсынылды.
Келесі сән үлгілеріде көрермен көңілінен орын тапты:
- Қазақ технология және бизнес университеті «Жеңіл өнеркәсіп технологиясы және дизайн» кафедрасы ұсынған «Ай Ару», «Casual» этно стильіндегі «Наурыз» коллекциялары;
- №78 мектеп гимназиясының «Нұрлы көктем» атты колекциясы;
- №59 мектеп-лицейінің «Мелодия войлока» коллекциясы;
- №53 мектеп-лицей оқушылары орындаған «Этно классика» коллекциясы;
- Ә.Бөкейхан атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің «Үкілі қыз» ұзатылатын қыздарға арналған ұлттық киім топтамасы;
- №91 мектеп гимназиясы «Этно» атты коллекциясы;
- Ы.Алтынсарин атындағы BINOM SCHOOL мектебінің балалар қолымен орындалған «BINOM қыздар ұлттық киім жинағы» коллекциясы.
Халықтық өнерді насихаттау, рухани құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу – деген ұранмен Ресей елінен келген қонағымыз профессор Амиргазин Қайртай «Дизайн» білім бағдарламасының студенттеріне мол тәжірибесімен бөлісіп дәріс өткізді.
Екі күнге созылған халықаралық-педогогикалық конференция аясында - мектеп қабырғасынан жоғары оқу орнына дейін оқушылардың кешенді дамуының өзекті мәселелерін шешуге мұғалімдердің әлеуетін көтеру және білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын талқылап, ұйымдастырылған мәдени шараға келушілер қолөнердің құнды жәдігерлерімен, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарымен, сондай-ақ салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптейтін шығармалармен танысты.
Қорыта келе халықаралық конференция білім саласымен айналысатын мамандар үшін кең ауқымды алаңға айналмақ. Әр елден жиналған сарапшы мамандар білім саласын кешенді дамыту бойынша тәжірибе алмасты, ортақ мәселерді бірге талқылады.
Шара соңында, қолөнер шеберлері көрмесіне белсенді қатысып, елеулі үлестерін қосқан үшін біршама азаматтар алғыс хат, жүлделі дипломдар, сертификаттармен марапатталды.
[turkystan.kz](turkystan.kz/article/218494-astanada-algash-ret-pedagogterdin-halykaralyk-konferentsiyasy-otti)
[janabastau.kz/3379/elimizde-tungysh-ret-pedogogtardyn-halykaralyk-zhiyny-boldy.html](https://janabastau.kz/3379/elimizde-tungysh-ret-pedogogtardyn-halykaralyk-zhiyny-boldy.html)
[www.youtube.com/watch?v=-lH9SMwdTBk](https://www.youtube.com/watch?v=-lH9SMwdTBk)