Инновациялық даму жағдайында стандарттан тыс ойлайтын шығармашыл тұлғаларға деген қажеттілік артады. Қазіргі уақытта пәндік салада білім, біліктілік және дағдыларды дамытуға бағытталған мамандарды дәстүрлі даярлау қазіргі нарықтық экономика талаптарынан артта қалуда. Қазіргі білім берудің негізі оқу пәндерімен қатар, білім алушылардың ой-өрісін дамыту мен практикалық іс-әрекетке дайындығы болуы керек. Кез келген жоғары оқу орнының міндеті-жоғары деңгейлі дайындықтан өткен мамандарды дайындау ғана емес, сонымен қатар білім алушыларды оқу процесі барысында принципті жаңа технологияларды игеруге, оларды өндірістік ортаның нақты жағдайларына бейімдеуге тарту. Сонымен бірге оқу үрдісінде білім алушылардың бойында шығармашылық белсенділік, шығармашылық ойлау, бағалау, ұтымдылық жасау, ұйымдастыру қабілеті, командамен жұмыс жасау, нарықтың өзгермелі қажеттіліктеріне тез бейімделу сияқты қабілеттерді дамытудың маңызы зор.
Осы жоғарыда атап өтілген талаптарға сай 07.12.2023ж. «Жеңіл өнеркәсіп технологиясы және дизайн» кафедрасының магистрі, аға оқытушысы лектор: Бекзат Айкүміс Бөріханқызының жетекшілігімен, практик: Жетербаева Райгуль Абилхасымовна, «Профильдік дизайн нысандарын жобалау-І, Профильдік дизайн нысандарын жобалау-ІІ» пәндерінен инновациялық әдістермен сабақта берілген тапсырмалар бойынша Дизайн-232 (со) білім алушылары «Әлеуметтік мәселелер» тақырыбында, орындалған жобаларын ашық түрде қорғап, жаңаша форматта сабақ өткізілді. Жобаны қорғау бойынша арнайы комиссия мүшелері құрылды. Комиссия төрағалығына Астана қаласы әкімдігінен «Руханият» КММ басшысы Әділ Орынбасарұлы арнайы шақырылды, комиссия мүшелері болып Технологиялық факультет деканы Жунусова Г.С., «ЖӨТжДизайн» кафедрасының меңгерушісі Байжанова Ж.Б. тағайындалды. Сабақ барысы, жобаны ашық түрде қорғау өте жоғары деңгейде өтті. Мемлекетімізде ғана емес, әлемде болып жатқан, шешімін таппай жатқан мәселерді жас дизайнерлер өз жобалары арқылы көзқарастарын ашық айтып, шешу жолдарын ұсынды. Жобаның жалғасында «Профильдік дизайн нысандарын макеттеу» пәні бойынша магистр, аға оқытушы Джусупова Ирина Маратқызының жетекшілігімен орындалған әлеуметтік нысандардың макеттері комиссия мүшелерінің назарына ұсынылды. Жасалған макеттер көпшіліктің көңілінен шығып, жақсы бағаға ие болды.